Өтініш беру

Елордада Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ұстаздар пікірсайыс технологиясын дамытудағы соңғы жаңалықтарды игерді

Астанада еліміздің барлық өңірінен келген педагогтар пікірсайыс технологиясындағы жаңа форматтар мен әдістері бойынша семинарда білім алды.
Елордада Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ұстаздар пікірсайыс технологиясын дамытудағы соңғы жаңалықтарды игерді
Фото: ozgerteam

Пікірсайыс технологиясы қосымша білім беру мен жеке тұлғаны қоғамның белсенді мүшесі және саналы азамат ретінде тәрбиелеудің тиімді құралдарының бірі болып табылады.

Жаңа оқу жылы қарсаңында «Дүниежүзілік мектеп пікірсайыс форматы (WSDF) контекстінде пікірсайыс клубтарын ұйымдастырудың жаңа тәсілдері» республикалық оқу семинарын «Ozgerteam» қоғамдық қоры мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ бірлесіп өткізді.

Екі күн ішінде ең үздік аймақтық пікірсайыс үйлестірушілері мен жаттықтырушылары қазіргі кезде барлық әлем және Еуропалық пікірсайыс чемпионаттары өтетін жаңа формат – Дүниежүзілік мектеп пікірсайыс форматын меңгерді.

«Сонымен қатар тәжірибелі тренерлер семинарға қатысушыларға дебат технологиясының білім беру және тәрбие үрдістеріндегі маңызын қайта қарауға көмектесті. Олар оқушыларды жаппай қамтитын пікірсайыс клубтарының тиімді жұмысын ұйымдастырудағы тәжірибе мен дағдыларды үйренді», - деп атап өтті «Ozgerteam» қорының құрылтайшысы және директоры, пікірсайыс технологияларының сарапшысы Мұрат Жұманбай.

Алдағы уақытта «Ozgerteam» қоры өңірлердегі НЗМ базасында осындай семинарларды ұйымдастырады. Онда тренер ретінде республикалық семинарға қатысқан ұстаздар болады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қыркүйек айында барлық өңірлерде WSDF форматындағы аймақтық іріктеу турнирлері өтеді, оның жеңімпаздары Республика күніне орай Астанада өтетін Ұлттық пікірсайыс турниріне қатысады.