Өтініш беру

Мұғалімдер арасындағы ұлттық дебат турнирі өтті

Мұғалімдер арасындағы ұлттық дебат турнирі өтті
Фото: ozgerteam

2025 жылдың 27-28 қыркүйек күндері Шымкент қаласында елдің барлық аймақтарынан келген педагогтар «Ustaz Cup» Ұлттық пікірсайыс турнирінде кімнің ең үздік екенін анықтады.

Мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылған педагогтар арасындағы Ұлттық дебат турнирін «Ozgerteam» Қоғамдық қоры Білім беру министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетімен ынтымақтаста, «Orta» жеке қорының қолдауымен ұйымдастырды.

Турнирге Қазақстанның барлық өңірлерін 20 фракция қатысты. Кейбір командалар құрамына өз оқу орындарында пікірсайыс технологияларын белсенді дамытып жүрген мектеп директорлары да бар.

«Ozgerteam» қорының құрылтайшысы және директоры Мұрат Жұманбай дебаттік технологиялардың балаларды қосымша дағдыларға: аналитикалық және сыни ойлауға, шешендік өнерге үйретудің, сондай-ақ жан-жақты дамыған тұлғаны, жауапты азаматты және қоғамның белсенді мүшесін тәрбиелеудің ең тиімді құралдарының бірі екенін атап өтті.

"Біз үшін өз жұмысында дебаттік технологияларды қолданатын және мектеп дебат қауымдастығының дамуына елеулі үлес қосатын педагогтарды қолдау және ынталандыру өте маңызды.

"Ustaz Cup" ең прогрессивті педагогтардың тек пікір сайыстырып ғана қоймай, сонымен қатар жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудің үздік әдістері бойынша тәжірибе алмасуына айналатын алаң болуға тиіс", - деді М.Жұманбай.

Турнир барысында қатысушылар білім саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікірталас жүргізді: заманауи технологиялардың, әсіресе ЖИ білім беру үдерісіндегі рөлі туралы, сондай-ақ олар жас ұрпақты отансүйгіштік, жауапкершілік, шынайылық рухында тәрбиелеудің және балаларға үнемдеуді үйретудің үздік тетіктерін ұсынды.

Сонымен қатар, бөлек раунд Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан парламенттік реформаға арналды. Педагогтар бірпалаталы парламентті қалыптастырудың үздік үлгілерін ұсынып, сайысқа түсті.

Төрешілер корпусы 23 жылдық тарихы бар «Ақиқат» дебат клубының ең тәжірибелі түлектерінен құралды.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ректор м.у.а. Ернар Иманғалиев бұл турнир – білім мен шеберлікке ғана емес, педагогтарды біріктіретін және озат идеялар мен жаңа тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік беретін интеллектуалды алаң екенін атап өтті.

 

"Біздің университеттің «Ақиқат» дебат клубы 23 жыл ішінде шамамен 100 дебат турнирін ұйымдастырды және жыл сайын республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жетеді. Қазіргі уақытта клуб тек жастарға дебат мәдениетін үйретумен шектелмей, сонымен қатар олардың интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, шешендік өнерге үйрету және еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде", - деді Е.Иманғалиев.

Турнир финалы «директорлық» болып шықты, өйткені чемпиондыққа мектеп директорларынан тұратын командалар таласты.

Сайыс нәтижесі бойынша Шымкент қаласының TALANT №1 мектебінің директоры Рахат Арғынбай және SEITZHAN school мектебінің директорының орынбасары Дұман Әсембектен құралған «Байтұрсынұлы» фракциясы чемпиона атанып, бас жүлде – 500 000 теңгені қанжығасына байлады.

Екінші орынды Ақмола облысынан келген «Шың» фракциясы иеленді. Оның құрамында: Бұрабай ауданы, Зеленый Бор ауылының мектеп-гимназиясының директоры Мейрамбек Рахымжанов және Бұрабай ауданы, Ұрымқай ауылының мектебінің директоры Алтынбек Дағыстан. Олар жүлде ретінде 300 мың теңге алды.

3-орын және 200 мың теңгеден ақшалай жүлделерды 2 фракция жеңіп алды: Қызылорда облысынан келген «Маша и медведь» командасы («Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясының мұғалімі Айжан Орынбасар, Қызылорда қаласының 125 High school мектебінің мұғалімі Набат Думан) және Түркістан облысының “Бәйдібек” командасы (Талант мектебінің мұғалімі Раман Байбатша, Байдібек ауданы, С.Әбдіжаппаров атындағы мектеп-интернатының мұғалімі Дархан Түзубек).

Турнирдің үздік спикері Семей қаласының Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 гимназиясының мұғалімі Бинұр Ахатқызы атанды. Ол 100 мың теңге көлеміндегі сертификатты жеңіп алды.

Турнирдің үздік судьясы деп танылған Дінмұхаммед Таңсық 50 мың теңге алды.

Турнирді ұйымдастырушылар Ustaz Cup турнирін жыл сайынғы етуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, «Ozgerteam» қоғамдық қоры Қазақстанның мектептері мен колледждерінде дебаттік технологияларды дамыту мен насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

Ustaz Cup – қор командасы ұйымдастырған жалғыз турнир емес. Маусым айында Тараз қаласында «Ауыл» партиясының қолдауымен ауылдық мектептердің дебат командалары ғана қатысқан «AuylCUP» ұлттық дебат турнирі өткізілді.

Осы жылдың қазан айында ұлттық мейрам – Республика күніне орай «Respublica» партиясымен бірге JasRepublicCUP ұлттық дебат турнирін өткізуд жоспарлануда.

Сонымен қатар, қараша айында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында қор Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетімен ынтымақтаста Qarmet компаниясының қолдауымен колледждер арасындағы Adal Enbek CUP ұлттық дебат турнирін өткізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ, мектептердің, колледждердің және жоғары оқу орындарының дебат клубтары қатыса алатын тағы екі республикалық байқау жарияланды. Әр байқау бойынша бас жүлде – 1 миллион теңгеден. Байқау нәтижелері мен жеңімпаздарды марапаттау 2025 жылдың желтоқсан айындағы Дебат клубтарының II Ұлттық құрылтайында өтеді.