Өтініш беру

«Өзгеріс – өзіңнен басталады» облыстық оқу семинары

«Өзгеріс – өзіңнен басталады» облыстық оқу семинары
Фото: ozgerteam

Мамырдың 25-26 күндері СҚО Назарбаев Зияткерлік мектебінде «OzgerTeam» Ұлттық бастамасының аясында пікірсайыс тәлімгерлеріне арналған «Өзгеріс – өзіңнен басталады» атты семинар-тренинг өткізілді. Тренингтің мақсаты мектептегі пікірсайыс қозғалысын жандандырып, тәлімгерлердің біліктілігін арттыруға жағдай жасау. Семинар-тренинг барысында «Халықаралық оқушылар форматы» бойынша өзгерістер мен жаңашылдықтар талқыланды. Сонымен қатар мектептердегі пікірсайыс клубының жұмысын үйлестіру бойынша шеберлік сағаттары өтті.

Спикер – Еркебұлан Қуанбай, Қазақстан қоғамдық даму институтының Талдау басқармасының маманы. Пікірсайыстағы тәжірибесі 10 жыл, республикалық турнирлердің жеңімпазы, үздік спикері, бас төрешісі. Республикалық қосымша білім беру орталығының дебат курсының тренері. Qazaq Debate, Пікірсайыс қозғалысы арналарының жүргізушісі, мектептегі дебат үйірмесінің жетекшісі.

Тренингке Петропавл қаласынан бөлек Тайынша, Аққайың, Шал ақын, Ақжар аудандарының ұстаздары мен студенттері қатысты.

Тренинг барысында оқушыларды пікірсайыс форматтарына үйрету ғана емес, құндылықтар бойынша қолайлы орта қалыптастыру жөнінде түрлі пракатикалық тапсырмалар орындалды. Пікірсайыс қозғалысының құндылықтары ретінде: әділет, көшбасшылық, кәсібилік, сенім, серіктестік белгіленіп алынды. Осы құндылықтар бойынша «Ықшам ойын», «Жауап бер» және түрлі ситуациялық ойындар өткізілді. Жұптық жұмыс барысында «Дарынды» оқушыларды қалай анықтауға болатындығы тәжірибе жүзінде көрсетіліп, әр ұстаздың қабілеті бойынша кері байланыс берілді.
Айта кетейік, аталмыш жобаны СҚО бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебіннің педагогы, тәжірибелі пікірсайысшы Бақытжан Тұсынов жүзеге асыруда.