Өтініш беру

Қазақстан пікірсайысшылары жылды қорытындылады

Қазақстан пікірсайысшылары жылды қорытындылады
Фото: ozgerteam

       12 желтоқсанда Астанада Қазақстанның пікірсайысшылары дәстүрлі Құрылтай аясында мектеп пікірсайыс қозғалысының дамуының өткен жылғы қорытындысын шығарды.

     Іс-шараның екінші жыл қатарынан - «OzgerTeam» қоғамдық қоры Қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығымен бірлесіп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «Orta» жеке меншік қорының қолдауымен ұйымдастырды.

      Дәл бір жыл бұрын өткен алғашқы пікірсайыс Құрылтайында делегаттар 12 желтоқсанды Қазақстандағы пікірсайыс қозғалысының бейресми мерекесі - «Пікірсайысшылар күні»  - деп жариялаған болатын.

     Сондықтан биылғы форум мерекелік жағдайда өткенімен, делегаттар пікірсайыс технологияларының ел көлемінде кеңінен дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелер мен тосқауылдарды да талқылады. Елдің барлық өңірлерінен келген делегаттар мектептерде пікірсайыс клубтарын құру мен дамытуды ынталандыруға бағытталған барлық ұсыныстарды бір құжатқа біріктірді. Аталған құжат жұмыс барысында пайдалану үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігіне жолданатын болады.

       Сонымен қатар, Құрылтай қатысушылары Қазақстандағы мектептердегі пікірсайыс қозғалысын дамыту туралы Манифест қабылдады. Онда пікірсайыс технологиялары тек оқытудың ғана емес, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеудің, тұлғаны жан-жақты дамытудың және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың ең тиімді құралдарының бірі екендігі нақты көрсетілді.

      Пікірсайыс қауымдастығының моральдық-этикалық шеңбері мен пікірсайысшылардың құндылықтарын айқындайтын базалық құжат ретінде Манифест барлық мектептер мен колледждерге жолданатын болады.

      «OzgerTeam» қорының құрылтайшысы әрі директоры Мұрат Жұманбай келесі жылы Қазақстанда пікірсайыстың тарала басталғанына 30 жыл толатынын атап өтті.

«Мен пікірсайыс технологияларының әлеуетін мемлекет басшысы  ерекше көңіл бөлетін адам капиталды дамытуда одан әрі кеңінен ашуға болады деп сенемін. Пікірсайыс клубы -пікірсайыс қозғалысының негізгі элементі ретінде әрбір мектепте жастардың кәсіби және икемді дағдыларды меңгеруіне ғана емес, адалдық, әділдік, еңбекқорлық сияқты құндылықтарға бейілділігін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

II мектептік пікірсайыс клубтарының Құрылтайына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, саяси партиялардың және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері қонақ ретінде қатысты.

         ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, пікірсайыс қозғалысының түлегі Асхат Аймағамбетов Құрылтай қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде білім беруді дамытудың жаңа үрдістері, әсіресе жасанды интеллект технологияларымен байланысты бағыттар туралы айтып өтті.

       «Жасанды интеллект - тек құрал. Оны тиімді пайдалану адамның даму деңгейіне тікелей байланысты. Ал пікірсайыс жастарды жан-жақты дамытып, көптеген білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Сондықтан пікірсайысты таңдау - дұрыс жолды таңдау», - деп түйіндеді ол.

Еске сала кетейік, Асхат Аймағамбетов 2024 жылы өткен алғашқы пікірсайыс Құрылтайында «Пікірсайыс жанашыры» қоғамдық марапатына ие болған. 2019 жылы оның бастамасымен «Мектеп оқушылары мен студенттер арасындағы пікірсайыс қозғалысы» жалпыұлттық мәдени-ағартушылық тұжырымдамасы бекітіліп, бұл қозғалыстың жүйелі дамуына серпін берген болатын. 

       Биыл «Пікірсайыс жанашыры» марапаты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы Тараз халықаралық университетінің құрылтайшысы Ерболат Саурықовқа және «Respublica» партиясы орталық аппаратының басшысы Жанат Ысқақовқа табысталды. Аталған тұлғалар «OzgerTeam» қорының пікірсайыс қозғалысын жетілдірудегі саяси институттармен жемісті ынтымақтастығына маңызды үлес қосты.

      Мәселен, «Respublica» партиясының қолдауымен екі жыл қатарынан барлық өңірлерде іріктеу турнирлерімен бірге 3 мыңнан астам оқушыны қамтыған «JasRepublic CUP» ұлттық пікірсайыс турнирі өткізілді.

    Ал «Ауыл» партиясымен бірлесіп биыл алғаш рет «AUYL CUP» ұлттық турнирі ұйымдастырылып, оның іріктеу және финалдық кезеңдеріне 1 200-ден астам ауыл мектептерінің оқушылары қатысты.

      Сондай-ақ Құрылтайдың арнайы қонағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Жигули Дайрабаев  Құрылтай қатысушыларын мерекемен құттықтап, жас пікірсайысшыларға өз тілегін білдірді.

      «Respublica» партиясы атынан орталық аппаратының жастар бағдарламаларының үйлестірушісі, жастар қанатының өкілі Азат Теңгебаев сөз сөйледі.

         ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Калмақов делегаттар қойған барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, ведомство құзыреті аясындағы мүмкін шешімдерді талқылады.

      Құрылтай барысында өңірлердегі пікірсайыс инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып жүрген ең белсенді әрі нәтижелі педагогтар мен үйлестірушілер де марапатталды.

       «Пікірсайыс көшбасшысы» номинациясы бойынша Алматы облысының дене шынықтыру, спорт, алғашқы іскери дайындық және қосымша білім беру орталығының өзін-өзі басқару бөлімінің басшысы Дамир Валиханов, Орал қаласының Оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогы Ерсұлтан Жалмұқан және Қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығының балалар мен жасөспірімдер қозғалысын үйлестіру бөлімінің сарапшысы Дәулет Нүркен марапатталды.

     Сонымен қатар, форум аясында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау мақсатында «OzgerTeam» қоры ұйымдастырған «Tazalyq – Sanadan» республикалық байқауының жеңімпаздары да марапатталды.

Байқаудың басты талабы - тазалық пен ұқыптылықты сана деңгейінде қалыптастыруға бағытталған ең креативті әрі тиімді іс-шараны ұйымдастыру және оны кеңінен насихаттау болды.

      Ұлттық байқауға мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары жанындағы 110 пікірсайыс клубы қатысып, 3 мыңнан астам пікірсайысшыны қамтыды.  Қатысушылар 100-ден астам эко іс-шаралар, 45 пікірсайыс турнирі, 33 сенбілік, 8 экофест, сондай-ақ олимпиадалар, квестілер, экоакциялар мен челлендждер ұйымдастырды. Бұл іс-шаралар туралы бейнероликтер 500 мыңға жуық қаралым жинады.

       Байқаудың жеңімпазы әрі 500 мың теңге көлеміндегі бас жүлденің иегері Балқаш қаласындағы Политехникалық колледждің «Жұлдыз» пікірсайыс клубы атанды. Клуб 400-ге жуық студент пен педагогты қамтыған «Макулатура–2025» экологиялық акциясын өткізді.

Екінші және үшінші орындарды Қызылорда қаласындағы мамандандырылған лицейдің «GOLDEN WORDS» пікірсайыс клубы мен Шымкент қаласының «SHYN» пікірсайыс клубы өзара бөлісті.

«GOLDEN WORDS» командасы экофестиваль, телемост, сенбілік, пікірсайыс турнирі, шығарма байқауын өткізіп, эко-бұрыш жасақтаса, «SHYN» командасы #ТазалықСанадан челленджі бар бейнеэстафетаны іске қосып, оған еліміздің әр өңірінен 20 мектеп қолдау білдіріп, өз бейнероликтерін әлеуметтік желіде жариялады.

     Байқау пікірсайыс қауымдастығының жалпыұлттық үрдістер мен мемлекеттік бастамаларға белсенді әрі жасампаз үлес қоса алатын күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

     Құрылтай қорытындысын шығара отырып, «OzgerTeam» қорының құрылтайшысы Мұрат Жұманбай биыл өткізілген барлық турнирлерде «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Әділетті және таза Қазақстан» және өзге де ұлттық бастамаларға қатысты резолюциялар талқыланғанын атап өтті.

    Құрылтай делегаттары үшін пленарлық отырыстан кейін, ҚР Ұлттық мұражайына мәдени танымдық экскурсия ұйымдастырылды.