Өтініш беру

Қазақстандағы мектеп пікірсайыс қозғалысын дамыту МАНИФЕСТІ

Қазақстандағы мектеп пікірсайыс қозғалысын дамыту МАНИФЕСТІ
Фото: ozgerteam

Қазақстандағы мектеп пікірсайыс қозғалысын дамыту

МАНИФЕСТІ

 

Біз, пікірсайыс қауымдастығының белсенді өкілдері, қоғам мен мемлекеттің, әсіресе өскелең ұрпақтың дамуындағы пікірсайыс қозғалысының маңыздылығын түсіне отырып, негізгі құндылықтарымыз бен ниеттеріміздің көрінісі болып табылатын осы МАНИФЕСТІНІ бекітеміз және жариялаймыз.

 

Уәждеме

Біз пікірсайыс технологиясы мектептегі білім беру мен тәрбие жүйесінің ең тиімді құралдарының бірі екеніне сенімдіміз және ол келесі маңызды функцияларды жүзеге асырады:

Тәрбиелік:

  • Адалдық, әділдік және жасампаздық құндылықтарына баулу;
  • Оқушылардың азаматтық жауапкершілігі мен еңбекқорлығын дамыту;
  • Өзгелерге және олардың пікірлеріне құрмет сезімін қалыптастыру;
  • Заң мен тәртіпке құрметпен қарауға және сақтауға үйрету.

Білім беру:

  • Функционалдық сауаттылықты арттыру;
  • Өзекті тақырыптарды зерттеу және талқылау арқылы білім деңгейін көтеру;
  • Өзіндік білім алу дағдыларын дамыту.

Дағдыларды дамыту:

  • Командалық жұмыс пен көшбасшылық қабілеттерін нығайту;
  • Аналитикалық ойлау қабілеттерін дамыту;
  • Сыни және шығармашылық ойлауды қалыптастыру;
  • Стратегиялық жоспарлау және шешім қабылдау дағдыларын үйрету;
  • Тиімді коммуникация мен көпшілік алдында сөйлеу қабілеттерін жетілдіру.

 

Біздің құндылықтарымыз:

  1. Тәуелсіздік және Отаншылдық;
  2. Бірлік және Ынтымақ;
  3. Әділдік және Жауапкершілік;
  4. Заң және тәртіп;
  5. Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік;
  6. Жасампаздық және жаңашылдық

 

Біздің ұмтылысымыз:

  1. Пікірсайыс технологиясын еліміздің барлық оқушылары үшін қолжетімді ету;
  2. Пікірсайысты көпшілік қауым үшін қызықты әрі түсінікті ету;
  3. Пікірсайыс қауымдастығын дамыту, кеңейту және тұрақты ету үшін жаппай дебат клубтарын құру;
  4. Елдің барлық аймақтарында ойынның, форматтың және төреліктің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз ету;
  5. Бейтарап, объективті және сапалы төрелікке қол жеткізу;
  6. Пікірсайыста ар-намыс пен қадір-қасиетке қолсұғылмаушылықты, сондай-ақ кемсітудің кез-келген түрінен қорғауды қамтамасыз ету;
  7. Оқушыларға пікірсайысты үйрету кезінде олардың жас, психологиялық және эмоционалдық ерекшеліктерін ескеру;
  8. Әр лигада тіл тазалығын сақтау;

 

Пікірсайыста мыналарға орын жоқ:

  1. Цензураға, сөз және ой бостандығын шектеуге;
  2. Кемсітушілікке, буллингке және агрессияның кез-келген түрлеріне;
  3. Әділетсіз, объективті емес және алалаушылық танытатын төрелікке;
  4. Жалған, келісілген және формалды турнирлерге;
  5. Өзің пікірсайыс жүргізіп тұрған тілге құрметсіздік танытуға.

 

Қорытынды

Осы Манифестіні қабылдай отырып, біз тек ережелер жиынтығын емес, жаңа буынның даму бағдарын бекітеміз.

Біздің ортақ мүддеміз – әрбір оқушының бойында білім алуға құштарлық пен адами және азаматтық құндылықтарды қалыптастыру арқылы еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыру және азаматтық қоғам негіздерін дамыту.

Біз, пікірсайыс қауымдастығы, осы құндылықтар аясында бірігіп, сөз бен істің бірлігін ту етеміз.